ТАУ ТҰЛҒАЛАРҒА ТАҒЗЫМ

Биыл Ұлытау өңірінде дүниеге келген тау тұлғалар – Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған орай Ұлытау жұртшылығы қос қаламгердің рухына тағзым етіп, еңселі ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Екеуі де – тәуелсіздік жолында күрескен тау ұлдары.Баубек Бұлқышев қаруымен де, қаламымен де халқын қорғап, елінің рухын өсірсе, Мұқан Иманжанов ғұмыр шегіне жеткенше рухани майданда қолынан қаламын тастамай, саналы күрес жасаған. Митингіге жергілікті билік өкілдері, ауданның арда ақсақалдары, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Жиналған қауым қос қаламгердің ел тарихындағы орны мен рухани мұрасына тоқталып, олардың есімін ұлықтау – кейінгі буынның парызы екенін атап өтті.
Тағылымды шараның басты мақсаты – қос тұлғаның өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, елге деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштік рухты дәріптеу. Ұлытау топырағында туған қаламгерлердің шығармашылық мұрасы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Іс шара қатысушылары жиын соңында қос тұлғаның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


