«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Жезқазған қаласында - «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасын табуда. Аталған экологиялық шара шеңберінде бүгін қалаға қарасты - Кеңгір ауылында - «Таза Бейсенбілік» өтті.
Тазалық шарасына шаһар басшысы Мұрат Бөрібаев бастаған әкімдіктің 70-ке жуық қызметкері мен 30-ға тарта белсенді жас жұмылды. Олар ауыл аумағын ретке келтіріп, айналаны тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Басты мақсат - елді мекеннің тазалығын сақтап, қоршаған ортаны күтіп ұстауға үлес қосу.
«0188 / Басты мақсатымыз-осы елді мекенде тазалығына көңіл бөліп, шамалы болса да осы тазалығына үлес қосу. Тазалық тек қана қаламен шектелмейді, осындай елді мекендерде де жүріп отырады»
— Рүстем Есмағанбетов, Жезқазған қаласы әкімінің аппарат басшысы
Ортақ іске жастар да белсене араласты. Олардың пікірінше, мұндай бастамалар туған жерге деген жанашырлықты арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондықтан Жезқазғандық жастар экологиялық акцияларға тұрақты түрде қатысып келеді.
«0218 / Белсенділердің де қатысуы да өте маңызды. Өйткені бізде жастардың арасында қалаға деген сүйіспеншілікті оятуымыз керек. Бұндай экологиялық акцияларға біз үнемі жоспарлы түрде шығып тұрамыз. Бұндай акциялар қаламызға өте маңызды»
— Дарын Төлеубай, Жезқазған қалалық жастар ресурстық орталығының директоры
Тазалық жұмыстары аяқталған соң қатысушыларға ыстық шай мен бауырсақ ұсынылды. Айналаны таза ұстау - бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс ортақ міндет. Осыны мақсат еткен «Таза бейсенбілік» акциясы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


