«ЖҮЗ ЖОЛ ЖЫР» ЖОБАСЫНЫҢ ЕКІНШІ МАУСЫМЫ

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы кезекті тағылымды шара. Бұл жолы – өңірдегі мектеп оқушылары қазақ ауыз әдебиетінің асыл қазынасы саналатын атақты «Қобланды батыр» жырын жатқа айтты.
«Жүз жол жыр» – оқушыларды жыр-дастанның жауһарларымен сусындатып, баланың жаттау қабілеті мен жадысын сынға салатын жоба. Президент Қасым Жомарт Тоқаев: «Біз ең алдымен балаларды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз!», - деді. Осы мақсатты көздеген байқау Сәтбаев қаласы әкімі орынбасарының м.а. Амангелді Құрақбайдың алғысөзімен ашылды.
Дода шарты бойынша оқушылар Қобланды батыр дастанын жатқа айтып, аталған жырдың мазмұнына байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Айта кетейік, байқау биыл екінші мәрте ұйымдастырылуда...
Байқаудың қазылар құрамы да жыр-дастанды жатқа білетін жандардан жасақталған. Ал, төрағасы белгілі жыршы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсүлу Түрікпен.
Жобаға өңірге қарасты қала-аудандардағы білім ордаларынан жалпы саны 60 тан аса оқушы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Дода ұйымдастырушылары бұл байқауды дәстүрге айналдыруды мұрат еткен. «Жүз жол жыр» жобасы келер жылы да жалғасын таппақ...
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


