ҰЛЫТАУ СПОРТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ БИІГІ

Жезқазғандық спортшы қоян-қолтық ұрыстан ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Павлодар қаласында болған республикалық додада Жерлесіміз Әлішер Мұқанов жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Республикалық чемпионатқа полиция қызметкерлері мен ведомстволық оқу орындарының өкілдерінен жасақталған 26 команда қатысқан. Ұлытау облысының намысын қорғаған Әлішер Мұқанов аталған чемпионатта бес кездесу өткізіп, оның төртеуінде қарсыластарынан басым түскен. Нәтижесінде жерлесіміз күміс медальді қанжығасына байлап, өңір қоржынына тағы бір жүлде салды.
Жеңіспен оралған спортшыны Жезқазғанда туған-туыстары, жақындары мен әріптестері зор қуанышпен қарсы алды. Жиналғандар Әлішерді айрықша жетістігімен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді. Бұл жеңіс спортшының өзі үшін ғана емес, оған үнемі қолдау білдіріп жүрген отбасы мен қызметтестері үшін де ерекше қуаныш болды.
Әлішер Мұқанов үшін бұл алғашқы жетістік емес. Спортшы бұған дейін де түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп келеді. Республикалық чемпионатта қол жеткізген күміс медаль табанды еңбек пен үздіксіз жаттығудың нәтижесі. Жерлесіміздің бұл жеңісі Ұлытау облысының спорттағы жетістіктерін еселей түсті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


