ЖАҢА БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРУ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА!

«Жаңа белесті бағындыру - жастардың қолында!» Осындай атаумен Ұлытау ауданының орталығында облыстық жастар форумы өтті. Жүздеген жастың басын бір алаңда тоғыстырған форум жайында тілшіміз Мұқағали Сейтқазының бейнематериалына кезек берелік...
Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Ұлытау ауданы әкімдігі бірлесе қолға алған Жастар форумы әйгілі Әулиетаудың етегіндегі Рәміздер алаңында бастауын алды. «Таңбалы тастың» терең тарихымен танысқан жастар – жиынды Мәдениет үйінде жалғастырды. Мұнда аудан әкімінің орынбасары мен Республиканың әр түкпірінен арнайы келген спикерлер форум жұмысына сәттілік тіледі.
Аймақта 30 мыңнан аса жас бар. Олар өңір дамуы бағытындағы жобаларға белсене қатысады. Ал, Облыстық форум – көшбасшы жастардың түрлі бағытта тәжірибе алмасып, тың идеялар шеңберінде ой қозғайтын ашық алаңына айналды.
2026 жыл елімізде - Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы! Жиынның негізгі арқауының бірі осы тақырып болды.
Сонымен қатар, форумда Жастарды құқықтық мәдениетке, жауапкершілікке тәрбиелеу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Республика бойынша жүргізіліп отырған «Таза Қазақстан» акциясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты да қоғамның қозғаушы күштерінің қолдауымен өткізілуде. Форум жұмысында белсенділік танытқандарға арнайы Алғыс хаттары табыс етілді.
Мұқағали Сейтқазы, Алихан Мұхтар, «ҰЛЫТАУ» видео: Нұрланда
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


