ЖАҢА ЖОЛДАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жолдау жүктеген міндеттер! Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Құрылтайының депутаты Дархан Ахмедиев, Халық кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев арнайы келіп, «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жолдауының негізі бағыттарын жұртшылыққа кеңінен түсіндіруде.
Алғашқы кездесу облыстық кітапхана ғимаратында өтті. Басқосуға кәсіподақ өкілдері мен әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты. Жиында Президент Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық бастамалар, халықтың әл-ауқатын арттыру және өңірлерді дамыту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ алдағы Құрылыс жылы қарсаңында Ұлытау облысында жүзеге асырылатын жобалар мен бой көтеретін әлеуметтік нысандар жайы қозғалды.
Кездесуде өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіру мәселесіне де назар аударылды. Әсіресе тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы талқыланды. Жолдауда белгіленген міндеттерді орындауда жергілікті деңгейдегі жұмыстардың маңызын атап өтті.
Жолдауды қолдауды көздеген жұмыс сапары Жезқазған қаласындағы Тау-кен металлургия колледжінде жалғасты. Мұнда елордадан келген өкілдер жастармен және білім саласының мамандарымен кездесті. Жүздесуде - білім беру жүйесін дамыту, жастарға жасалатын мүмкіндіктер мен педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері көтерілді.
Кездесуде еңбек қатынастары мен азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, елдегі ең төменгі жалақы мөлшері және оның халықтың табысына әсері сөз болды. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат пен алдағы міндеттер жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев түсініктеме берді.
Президент Жолдауын түсіндіру мақсатында өңірге келген жұмыс тобының сапары мұнымен шектелмеді. Делегация мүшелері медицина қызметкерлерімен және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен де кездесті. Бұл жөнінде жаңалықтарымыздың ертеңгі шығарылымында тарқатамыз.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


