ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ МЕДИАДАҒЫ РӨЛІ

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады.Бұл бастама аясында жасанды интеллектіні тиімді пайдалану және оның журналистикадағы рөлі талқылануда. Осыған орай өңірде журналистерге арналған арнайы воркшоп ұйымдастырылды. Іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарында жасанды интеллект технологияларын қолдану жолдары сөз болды. Семинар өңірдегі стартаптар мен IT-жобаларды дамытуға бағытталған Ulytau Hub алаңында өтті.
Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының мүшелері қатысты. Мамандар жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен медиадағы рөлін талқылады. Сондай-ақ мәтіндермен, бейнелермен және видеоконтентпен жұмыс істеуге арналған заманауи құралдармен танысты.
«Бүгін біз журналистерге арнап семинар өткізіп жатырмыз. Басты мақсат- тілшілер қауымы жасанды интеллектіні жұмыстарында тиімді пайдлаланса дейміз. Практикалық түрде сабақтарда өтеді. Былтардан бері осы ЖИ-ге қатысты біраз тренингтер өткіздік. Әсіресе студенттердің қызығушылығы жоғары»
— Алуа Қасымбекова, «Ulytau Hub» өңірлік орталығының менеджері
Воркшопқа шамамен 10 адам қатысты. Олар ақпарат дайындауға кететін уақыт пен деректердің шынайылығына ерекше мән беретіндерін айтты. Сонымен қатар, мұндай семинарлар жасанды интеллектіні меңгеруге септігін тигізетінін атап өтті.
Жалпы, семинар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Қатысушылар ақпараттық талдау, жаңа технологиялар мен деректерді өңдеу мәселелерінде пікір алмасты. Жасанды интеллект медиа өкілдерін алмастыратын емес, олардың мүмкіндіктерін арттыратын құрал екені де айтылды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


