ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТТЕН САҚ БОЛЫҢЫЗДАР

Мезгіл ауысымдары мен ауа райының алмасу кезеңінде - түрлі аурулардың өршу орын алады. Аталған ретте, Өңірде өкінішке қарай - микроспория дертіне шалдығушылар саны артқан. Теріге зақым келтіретін бұл дерт саңырауқұлақ инфекциясы, әсіресе, балалар арасында жиі кездеседі. Осыған байланысты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға сақтық шараларын ескертіп, микроспория мен қышыманың алдын алу талаптарын сақтауға шақырады.
Жыл басынан бері облыста микроспорияның 45 жағдайы тіркелген. Дертке шалдыққандардың басым бөлігі - мектеп оқушылары. Олардың үлесі 62,2 пайызды құрайды. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері арасында тіркелген жағдайлардың үлесі - 2,2 пайыз, ал колледж студенттері арасында 4,5 пайыз. Қазіргі уақытта облыстың сегіз мектебінде ауру ошағы анықталған.
Инфекцияның таралуына күнделікті тұрмыстағы қарапайым әдеттер де себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, науқаспен тікелей байланыста болу, ортақ бұйымдар мен жеке гигиена құралдарын пайдалану ауру жұқтыру қаупін арттырады.
Мамандардың айтуынша, микроспория дер кезінде анықталып, емдеу шаралары уақытылы жүргізілсе, аурудан толық айығуға болады. Сондықтан теріде алғашқы белгілер байқалған сәтте дәрігерге қаралу маңызды. Бұл дерттің асқынуына жол бермей, инфекцияның әрі қарай таралуының алдын алады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


