Жезқазған +3° Сәтбаев +3° Қаражал +1° ҰБ бағамы USD 455.12▲EUR 498.99▲RUB 5.55▼CNY 68.29▲
Жаңалықтар

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ЕҢБЕК ЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ЕҢБЕК ЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Мамандыққа адалдық - ұрпаққа үлгі болар ұлы құндылық. Жезқазған қаласындағы №8 гимназияда Қазақстанның Еңбек Ері, майталман металлург Әбдірашит Доспановпен тағылымды кездесу өтті…

Басқосуға металлургтің әріптестері мен «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров қатысты. Кездесуде еңбек адамының қоғамдағы орны, өндірістегі тәжірибе сабақтастығы мен жас буынға кәсіби бағыт-бағдар берудегі аға ұрпақтың үлесі сөз болды.

Кештің мазмұнын оқушылардың шығармашылық өнері толықтырды. Олар арнайы әзірленген концерттік нөмірлерін ұсынып, құрметті қонаққа деген ықыласын білдірді. Сондай-ақ Әбдірашит Доспановқа естелік сыйлықтар табысталды.

Кездесу барысында Әбдірашит Доспанов оқушыларға өзінің кәсіби қалыптасу жолы мен металлургия саласындағы көпжылдық тәжірибесі туралы бөлісті. Өндірістегі жұмыстың қыр-сырын түсіндіріп, мамандықтың жауапкершілігі мен ерекшеліктеріне тоқталды. Жезқазған мыс қорыту зауытында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен ол әке жолын жалғап, металлургтер әулетінің дәстүрін жалғастырып келеді. Ал 2026 жылдың қазан айында өндіріс саласындағы ерен еңбегі үшін Президенттің қолынан - «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары мемлекеттік марапатын алды.

Еңбек жолы өнегеге айналған азаматпен жүздесу оқушыларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, табандылық пен жауапкершіліктің мәнін ұғынуға мүмкіндік берді. Өйткені кәсіби биікке жетудің негізінде үздіксіз ізденіс, маңдай тер және өз ісіне деген адалдық жатыр.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты