«ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ОНКҮНДІГІ»

Өрттің алдын алу - қауіпсіздік талаптарын сақтаудан басталады. Ал төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ете білу адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осы бағытта Ұлытау облысында республикалық «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» аясында оқушылар мен педагогтерге арналған профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасымен 21 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтіп жатқан онкүндік «Қауіпсіз өмір сүруді үйренеміз» тақырыбына арналды. Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында өткен кездесуге облыстың өзге білім беру ұйымдары да онлайн форматта қатысты. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрттің алдын алу, қауіпсіз эвакуациялау, төтенше жағдай кезіндегі әрекет тәртібі мен алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану жолдарын түсіндірді.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары таныстырылды. Оқушылар арнайы көліктердің жабдықтарын көріп, өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдерімен танысты. Бұдан бөлек, мамандар алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәртібін іс жүзінде көрсетіп, қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Айта кетейік, профилактикалық іс-шара облыстағы 66 жалпы білім беретін ұйымды қамтыды. Нәтижесінде 3 мыңнан аса оқушы мен педагог өрт қауіпсіздігі талаптары жөнінде ақпарат алды. Төтенше жағдайлар департаменті қауіптің алдын алу және балалардың қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


