Жезқазған +2° Сәтбаев +1° Қаражал +2° ҰБ бағамы USD 455.00▲EUR 498.77▲RUB 5.56▲CNY 68.12▲
Жаңалықтар

ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІНЕ ЗАҢСЫЗ ОРНАТЫЛҒАН СОРҒЫЛАР АНЫҚТАЛУДА

ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІНЕ ЗАҢСЫЗ ОРНАТЫЛҒАН СОРҒЫЛАР АНЫҚТАЛУДА

Жылу жүйесіне өз бетінше орнатылған айналым сорғылары орталықтандырылған желінің жұмысын тежеп, үйлердің жылумен толықтай қамтылуына кері әсерін береді. Осындай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс орталығында рейд жүргізілді. Сала Мамандары бұл жолы қаланың 79-орамындағы тұрғын үйлерді тексерді.

Рейдке қала әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов, «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ бас директоры Ерлан Құсайынов, полиция қызметкерлері мен коммуналдық сала өкілдері қатысты. Аралау барысында мамандар жеке сектордағы жылу желілеріне келісімсіз орнатылған сорғыларды анықтап, олардың ортақ жүйеге әсерін анықтады. Сондай-ақ тұрғындарға мұндай құрылғыларды өз бетінше пайдаланудың салдарын түсіндірді.

Орталықтандырылған жылу жүйесінде жылу тасымалдағыштың қысымы мен айналымы алдын ала белгіленген тәртіппен реттеледі. Ал өз бетінше орнатылған сорғы су айналымын күшейтіп, желідегі гидравликалық тепе-теңдікті бұзады. Салдарынан бір үйге жылу көбірек берілгенімен, сол желіге қосылған көршілес баспаналарда температура төмендеуі мүмкін.

«Жылу мәселесімен 12 жылдан бері күресіп келеміз. Қала тұрғындарынан үйлеріңізге сорғы орнатпауларыңызды сұраймын. Өйткені бір үйдің жылуын арттыру басқалардың тоңуына себеп болады. Төрт балам бар, өзіміз де жылусыз отырғымыз келмейді. Бүгін сала мамандары мәселемізге түсіністікпен қарап, шешуге кірісті. Енді бәрімізге жылу бірдей жетсе екен деймін»

— Марина Кригуль, қала тұрғыны

Айта кетейік, алдағы уақытта рейд өзге аудандарда да өтеді. Мамандар жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысы әрбір тұтынушының жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салып, тұрғындарды ортақ желіге өз бетінше өзгеріс енгізбеуге шақырады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты