Ораза сөзінің түп мағынасы - өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау дегенді білдіреді. Исламның бес парызының біріне жататын отыз күндік оразада – жат қылықтардан алыстайсың, жалғыз Құдайға жақындайсың! «Ауызашар алдында тілеген дұға кері қайтарылмайды», - делінген хадисте. Медицина тұрғысынан да оразаның адам денсаулығына пайдасы дәлелденген. Асқазан тазарып, қан айналымы қалыпқа келеді. Алайда, науқас жандарға, жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдерге ораза ұстау міндеттелмейді.
Рамазан – пенделерге тура жолды нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, қасиетті Құран кітабы түсірілген ай. Сәуір айының 5 нен 6 сына қараған түн – қасиетті Қадыр түні. Оразаның әр күні жақсылық жасап, мол сауапқа кенелуге болады. Сонымен қатар, Рамазанның бірінші күнінен бастап, Ораза айт намазына дейін мұсылман баласына пітір-садақа беру керек.
30 күн оразаларыңыз қабыл болғай, құрметті мұсылман қауымы. Қош келдің, Рамазан!
Мұқағали Сейтқазы, Сергей Майкович, «Ұлытау» телеарнасы