Қаныш Сәтбаев – Қарсақбай қойнауында мыстың мол қоры бар екенін дәлелдеп, өңірдің болашағын дәл болжаған ғалым. Кейін бұл өңір Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағына айналды. Дәл сол 1929-1941 жылдар аралығында Қаныш Сәтбаев отбасымен осы үйде тұрған. Қарашаңырақта қаншама зерттеу жұмыстары, ғылыми шешімдер жасалған.
Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Ұланғасыр үлкен даламыз болса,сол жерді қалай пайдалану керек,соны қалай игеру керек, ұлтымызға бұл бағытты ұлы ұстаз берді. Ол-Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. 19ғасырда бізге Абайды берсе,20 ғасырда бізге Сәтбаевты берді. Біз бақытты халықпыз.
Ал үйдің екінші басында Қазақстанда алғаш құрылған геологиялық барлау мекемесінің бас кеңсесі болыпты. Қазір мұнда шамамен 3 мыңға тарта құнды жәдігер бар. Қаныш салып кеткен сара жол жас ұрпаққа ұлағат дейді-ардагерлер.
Мұрат ҚАЗАМБАЕВ Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Мынау жас ұрпаққа балаларға,осы адал еңбектің жемісі қалай болатынын көрсету. Қаныш Имантайұлы жайлы кино көрген шығар балалар. Қандай қиын уақытта жұмыс жасады. Жоқтан бар жасады. Сол уақытта еткен еңбегі жастарға үлгі болу керек.
Сәтбаевтың жеке мұрағатынан алынған, оның ұрпақтары жинақтап өткізген жәдігерлер - мұражай қорының басты құндылығы. Мұражай экспозициясын құруға ғалымның қыздары көп еңбек сіңірген.
Дүйсенбай БӘРЕКЕНОВ музей үйінің меңгерушісі
1969 жылы 12 сәуірде Сәтбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай ұлы ғалым 15 жыл тұрған үй мен бұрынғы кеңсесінің қабырғасы қосылып, мемориалдық мұражай болып ашылды. Тұрған жеріміз, Сәтбаевтың жүрген жері,басқан ізі деп айтуға болады.
Көрмелерде Сәтбаевтың өмірі мен қызметін жан-жақты көрсететін, өлкенің өндірістік тарихын сипаттайтын деректер, қолжазба құжаттар, минералдар үлгілері, ғалымның еңбектері, ол жайлы әдебиеттер мен әр жылдардағы баспа материалдары жинақталған. Кішігірім 5 залды қамтитын мұражай экспонаттары құндылығы мен мазмұны жағынан ерекше бағалы. Ұлы ғалымның киім- кешектері, күнделікті қолданған, тұтынған заттарына дейін қаз-қалпында сақталған. Үйдің ауласына Қаныш отырғызған көшеттер бәйтерекке айналған.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ,АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ «ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ