Тыл ардагерлеріне медициналық көмек көрсетілді

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл.Майдан шебінде жүрген ерлерге көмек көрсету үшін тылда еңбек еткен  қыз-келіншектер мен бозбалалардың  тартқан азабы, Жеңісті жақындатуға қосқан үлестері аз емес.Ұлытау облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер қалмағанымен, тылда еңбек еткен ардагерлер бар. Бүгінде өңірде 369 тыл ардагері тұрады, оның 166-сы Жезқазған қаласында. Дәстүр бойынша дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер олардың үйлеріне барып, медициналық тексерулер жүргізіп тұрады.Бұл жолы  «Макенбаева» отбасылық денсаулық орталығының медициналық бригадасы денсаулықтарын тексеріп, қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмек қабылдау бойынша кеңестер берді. Соңында ардагерлерді алдағы мерекемен құттықтады.


 

Елена МОШЕНКО «Макенбаева» ОДО әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы

 

Аударма: Біздің мақсатымыз – тыл еңбеккерлерінің денсаулығын сақтау және оларға қажетті көмекті көрсету. Жыл сайын осындай шара ұйымдастырып тұрамыз. Ол кісілер үнемі біздің бақылауымызда.  Ардагерлердің ерлігі мен еңбегі ұмытылмайды, біз оларды әрдайым құрметтейміз.

 

«Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен Жезқазған қаласының тұрғыны Бибасия АМАНЖОЛОВА тылда небәрі 10 жасынан бастап  еңбек етті. 90 жасқа толған тыл ардагері елге бейбіт аспан тілеп, көрсетілген қамқорлық үшін медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.


 

Әлеуметтік және медициналық қызметкерлер ардагерлерді тұрақты түрде аралап, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді. Ең бастысы – олар ардагерлерге көңіл бөліп, жылылық пен шынайы қарым-қатынас орнатады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.


 

ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ

«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ

 


Пікірлер (0)

пікір қосу

ҚАРАЖАЛ ҚАЛАСЫ

показать еще