Тыл ардагерлеріне мерейтойлық медальдар табысталды
Ulytautv 06-май, 16:57 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Олар майдан шебінен алыс болса да, еңбек майданында алдыңғы қатарда болды. Сол жылдары азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі – барлығы олардың мойнында еді. Бүгінгі марапат – сол ауыр күндердің өтеуі. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығы негізінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл медалін тыл ардагерлеріне аймақ басшысы тапсырды.
Ұлытау облысында барлығы 10 тыл ардагері мерейтойлық медальмен марапатталды. Бұл марапат – тек алғыс белгісі емес, елге сіңірген еңбектің, Отанға адалдық пен рухтың мызғымас күші үшін көрсетілген құрмет. Ардагерлер сол ауыр жылдар туралы естеліктерімен бөлісіп, Жеңістің 80 жылдығымен барша жұртты құттықтады. Олар елге тыныштық пен амандық тіледі.
Бүгінде өңірде 369 тыл ардагері тұрады, оның 166-сы Жезқазған қаласында. Олар жастайынан ауыр еңбекке араласып, Жеңіске жетуге өз үлестерін қосты. Жылдар өтсе де, бұл жандардың жігері мен елге деген сүйіспеншілігі сөнген емес. Олардың еңбегі — өскелең ұрпаққа өнеге, ұмытылмас сабақ.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ
«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ