Аппараттық кеңес

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Өнеркәсіпті дамыту, спорт саласында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар. Осы екі сұрақ аппараттық жиынның күн тәрітібінде. Сонымен, 2025 жылдың бірінші тоқсанында өңірдегі өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 351 млрд теңгені құрады, ал нақты көлем индексі — 100,1% ды құраған.

Данияр АРЫНҒАЗИН Ұлытау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы

Өңдеуші өнеркәсіптің көлемі 2025 жылдың бірінші тоқсанында 281 миллиард теңгені құрады. Физикалық көлем индексі — 106,2%. Өңдеуші өнеркәсіптің жалпы көлемінің 95%-ы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі. Жыл басынан бері 45,3 тонна мыс өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға артық. Өңдеуші өнеркәсіптің көп саласы бойынша оң өсім байқалады.

Алайда өткен жылмен салыстырғанда жеңіл өнеркәсіп пен тау-кен өндіру саласында төмендеу байқалады.Оған себеп- «Ютария» кәсіпорнында өндіріс көлемінің қысқаруы және «Жомарт» кенішінде кен өндіру көлемінің төмендеуі. 2028 жылға дейін құны 303 миллиард теңгені құрайтын 8 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңір басшысы өсімді арттыру мақсатында қосымша өндіріс орындарын ашу қажеттігін атап өтті. Жезқазған қаласында респиратор шығаратын зауытты және Сәтбаев қаласындағы индустриялық аймақты жедел іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ газдандыру жобасын іске асыруды жандандыру қажеттігі айтылды.

Қайрат ШАЙЖАНОВ Жезқазған қаласының әкімі

20 мамырға дейін респиратор шығаратын зауытты ресми ашуға байланысты дайындық жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Респираторлардан бөлек, зауытта мыс қорыту зауытында сұранысқа ие жартылай маскалар да өндіріледі. Кедендік рәсімдер толығымен шешілген. Жақын арада «Қазақмыс» корпорациясы сынақ өндірісін бастайды.

Жиында қаралған екінші маңызды мәселе –  спорт саласында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар болды. Бүгінгі таңда облыста халықтың 52,2 пайызы спорттық инфрақұрылыммен қамтылған. 2029 жылға дейін тұрақты түрде спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш Ұлытау облысында 35 пайызды құрады.

Марат АЙДАШЕВ Ұлытау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  

2024-ші жыл бойынша облыс аумағында 311 спорт нысаны жұмыс істеді. Жезқазған қаласында 2024 жылы қосымша 1 спорт залы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 10 футбол алаңы, 2 баскетбол алаңы және 1 бассейн салынды.Бүгінгі таңда облыста 300 дене шынықтыру және спорт ұйымы жұмыс істейді, оларға 77 973 адам барады, бұл жалпы халықтың 35%-ын құрайды.


Өңірде 86 мектеп бар, алайда оның 10-ында спорт зал жоқ. Әзірге Манадыр ауылы мен Қаражал қаласында осы спорт зал мәселесі шешіліп жатыр. Ал, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынатын жаңа спорт нысандарын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінбек. Жезқазғанда ипподром мен спорт манежін салу мәселесі де өткір тұр. Осыған байланысты ұлттық спорт түрлері мектебін Жаңаарқа ауданынан Жезқазған қаласына көшіру мүмкіндігі қарастырылуда. Облыс әкімі спортқа қыруар қаржы бөлініп жатыр, демек оны жүйелі жүзеге асыру қажет деді. Сондай-ақ спорт нысандарының тиімді жұмыс істеуін және олардың қазіргі заманғы стандарттарға сай болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Биыл спорт саласын дамытуға 5,2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Жиында аймақ басшысы күн тәрітібнде көтерілген сұрақтарға байланысты  жауапты басқарма басышларына тапсырма беріп, бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты.


ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ «ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу

Бейне-репортаждар

показать еще