НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ФОРУМЫ

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Форумға 700-ден астам оқушы мен студенттер жиналды. Қазіргі таңда оңай олжаны көздеген жасөспірімдер синтетикалық өнімді әлеуметтік желілер арқылы сатып жүр. Ағаш-бұтаның түбін тінтіп, тұрғын үйлердің қуыс-қуысын қазып жүр. Күшейтілген күрес жұмыстарына қарамастан, ғасыр індетінің тамырына балта шабу оңай болмай тұр. 


 

Ерлан ОСПАНОВ Ұлытау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы

 

Мына есірткі сатумен жастар арасында белең алып отырған жағдайлар бар. Біздің облысымыз бойынша 3 осындай жағдай тіркелген биылғы жылы. Алдын алу жұмыстарын жүргізіп осы жастарымызға құқықтық насихат өткізудеміз.

 

Форумның өтуіне үкіметтік емес ұйымдар,  «Respublika» партиясының Ұлытау облыстық филиалы мен полиция департаменті жанынан құралған нашақорлыққа қарсы кеңес мүшелері қолдау көрсетті. Басты мақсат-жастарға ой салу дейді олар.


 

Светлана ОҢҒАРБАЕВА  нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің мүшесі

 

Бұл кеңес тек кабинетте отырып, жұмыс жасамайды. Жастармен кездесеміз. Әр-түрлі рейдтерге шығамыз. Соның ең үлкен көрінісі-бүгінгі форум. Қаншама жастар қатысуда.  «Respublika» партиясының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы ретінде айтып кетерім, біздің партия өзінің құрылғанынан бастап осы проблемаға үлкен мән беріп  келеді. Жұмыс тоқтатылмайды. Үлкен нәтиже болады деген ойдамын.

 

Тәртіп сақшылары жастарды жаңсақ басудан абай болуға шақырды. Есірткіні таратудың ықтимал жолдары туралы айтып, көрсетті. Өңірде жастармен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар граффитті жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түрлі акциялар мен байқаулар да өткізіліп тұрады. Сол байқаулардың жеңімпаздары форумда марапатталды.


 

Іс-шарада есірткі іздеуде ерекше рөл атқаратын – кинологиялық қызмет мамандары мен олардың қызметтік иттері өнерлерін көрсетті. Ал жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлік әдіс-тәсілдер үлгісін ұсынды. Жалпы, облыс бойынша нашақорлық дерегімен 168 адам есепте тұр. Оның 148-і ер адам, 20-сы әйел. Қуантатыны – есепте тұрған жасөспірімдер жоқ.


 

ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ

«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу