ДЗЮДОДАН VII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Қаражал қаласындағы “JUDO” спорт кешенінде өткен турнирге Астана, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау және Қаражал қалаларынан келген 200-ге жуық жас дзюдошы қатысты. Шара басында қатысушылар бір минут үнсіздікпен зұлмат жылдары жазықсыз жазаланған жандарды еске алды.


 

Айқын ЕЛЕУСІЗОВ Қаражал қаласының әкімі

 

Қазіргі таңда жастарды салауатты өмірді ұстануға шақыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан негізгі мақсатымыздың бірі. Осындай деңгейдегі жарыстарды дәстүрлі түрде ұйымдастыру біздің қаламыз ұшін үлкен мәртебе. Құрметті бүгінгі сайысқа қатысушылар. Бүгінгі сайыста баршаңызға талмас жігер, табанды талпыныс және баршаңызға сәттілік тілеймін.

 

Турнирдің өтуіне ұйытқы болған азаматтың бірі – Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, дзюдо күресінен спорт шебері Дүйсенбай Тажкейұлы Тәжкеев. Ол – дзюдо спортын өңірде дамытуға үлкен үлес қосқан тұлға. 6 «ДАН» дәрежесі мен қызыл-ақ белбеу иегері. Осы турнирдің дәстүрлі түрде өтуіне де Дүйсенбай Тажкеевтің еңбегі зор.


 

Дүйсенбай ТАЖЕКЕЕВ ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы

 

Бұл жарыстың мағынасын айтпаса да түсінікті. Ендігі алдағы уақыттарда елімізде осындай жағдайларды болдырмау үшін, мына бабаларымыздың нақақтан нақақ атылып кеткен, елін тастап басқа шет елге кетіп қалған жағдай болмасын деп осы жарысты арнайы өткізіп отырмыз. Бүгінгі жарыста әрине кім бабында сол жеңіске жетеді деп ойлаймын.

 

Жарысқа қатысқан балуандар өз шеберліктерін жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше салмақ дәрежесінде көрсетті. Әр белдесу тартысқа толы өтті. Балуандар тек күш пен әдісті емес, төзімділік пен мінезді де сынға салды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар жарыстың әділ өтуіне ерекше мән берді. Халықаралық дәрежедегі төрешілер мен білікті бапкерлер жас спортшылардың белдесуін қадағалап отырды.


 

Бақыт МАТЫШЕВ халықаралық дәрежедегі төреші (Қарағанды)

 

Жарыс 3 минут белдесу болады. Халықаралық дзюдо федерациясының бекітілген ережесіне сай жарысымыз өтеді. Тағы бір айта кетерлік жайт 1,2,3 орын алған спортшылар «спорт шеберлігіне үміткер» атағын алады. Соған байланысты жарыс өте қызу деңгейде өтіп жатыр.

 

Нұрасыл ТЕМІРҒАЛЫМ  жарысқа қатысушы (Қарағанды қаласы)

 

Бұл жарысқа келу мақсатым бұл жарыстан кмс алу және де ата-анамның және бапкерлерімнің үмітін ақтағым келеді. Қазір 12-демін. 2-3 қатысқаныма болды.

 

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын алған спортшылар – 70 мың теңге, екінші орын иегерлері – 50 мың, ал үшінші орын алған балуандар – 30 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир алдағы жылдары да жалғасын таппақ.


 

АЛМА СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ

«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу