Жастарды қолдап, өз кәсіптерін ашып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Жезқазған қаласының әкімдігі арнайы байқау жариялаған болатын. Жалпы 40-қа жуық өтініш түсіп, комиссияның шешімімен 12 жоба іріктеліп, Жезқазған қаласы әкімінің грант иегерлері атанды. Бұл жолы үміткерлер ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар , кәсіпкерлік және медиа саласындағы жобаларын қорғады.. Салтанатты жиында грант иегерлері арнайы көрме ұйымдастырып, өз жобаларын ұсынды.
Қайрат ШАЙЖАНОВ Жезқазған қаласының әкімі
Бүгінгі өтіп жатқан мына керемет іс-шара болар бұрын осы біздің әріптестеріміз жобаларды анықтаған кезде бір күн емес, екі күн емес қаншама уақыт отырып, осының бәрін сараптан өткізіп. Оның ішінде қаншама даулар болып, бір-бірімен келісе алмай аяғында бүгін осы ең үздік 12 жобаның куәгерлері болдық. Сондықтан, ең басты үмітті сіздерге артамыз. Сіздер енді бүгін кішкентай жобаны тәй-тәй бастап жатсыздар осымен тоқтамау керек.
Сонымен, Аслан Адамбаев, Аманкелді Әбілез, Құрмет Қожахметов, Ақниет Омарова, Алдияр Үкенов пен Индира Усембаева Жезқазған қаласы әкімінің грантына ие болып, 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, лимонад өндірісімен Мадина Бухарбекова, лазер шеберханасымен Қайролла Хайдар және «Шырақ» ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған реабилитация орталы жобасымен Бекзат Рымбекқызына 1млн 500мың теңгелік сертификаты табысталды. Бекзат Рымбекқызы- 31 жаста. Жезқазған қаласының тумасы.Орталықты ашуға қазіргі таңда психиатриялық бұзылуы бар балалардың санының артуы, маман тапшылығы, орталықтарда бос орындардың болмауы себеп болды дейді. Орталық адаптивті дене шынықтыру, сенсорлы интеграция дефоктология, нейропсихология бағыттары бойынша жұмыс жасап, 1,5 жастан 7 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Қазіргі таңда 17 бала оңалтудан өтуде.
Бекзат Рымбекқызы грант иегері
Орталығымыз ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған түзету орталығы болып табылады. Қазіргі таңда орталығымыз Жезқазған қаласы Есенберлин көшесі 63 үйде орналасқан. Алдағы уақытта грант қаржысына орталығымызды кеңейту жоспарымызда бар. Кеңейтіп, тағы сенсорлы комната ашу жоспарымызда бар.
Сонымен қатар, 2 млн теңгелік сертификатқа «Нуркидс» ана мен бала орталығы жетекшісі Шырынкүл Корбозова, Ұлттық нақыштағы заманауи бұйымдар өндірісінің негізін қалаушы Аяжан Шахаева және қыркүйек айының 11-і ашылатын балет мектебінің жетекшісі Сая Садықова ие болды.
Сая Садықова грант иегері
Өзім би өнерінде жүргеніме 17 жылдан асты. Осы қалада негізі туып-өстім, осы жақта оқыдым. Сондықтан да қаламыздың мәдени- дамуына өзімнің үлесімді қосқым келеді. Сондықтан осы Жезқазған қаласында ең алғаш балет мектебін ашқалы жатырмыз. Гранттан ұтып алынған суммаға мектебімізге кәсіби құрал-жабдықтар алатын боламыз. Үлкен рақмет. Мен үшін бұл өте үлкен көмек болды
Еске сала кетсек, өтінімдер мамыр мен тамыз айлары аралығында қабылданған болатын. Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған жастарға берілді.
АЛМА СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ
«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ