АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ МЕРЕЙЛІ БЕЛЕС

«Арғымақтай ару ғұмыр!» Теле-радио кеңістігінде кеңінен қанат қағып, отандық ақпарат айдынында айшықты қолтаңбасын қалдырған қарымды қаламгер, медиа-менеджер, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «ҰЛЫТАУ» облыстық телеарнасының креативті директоры Базаргүл Үмбетованың мерейлі белесіне орай әдеби танымдық кеші өтіп, қос кітабының тұсауы кесілді...
Аталған шығармашылық шараға – Базаргүл Сейтжанқызының еліміздің әр өңірінен әріптестері мен шәкірттері және аймақтағы зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев – аймақ басшысы Есет Байкеннің құттықтауын табыстап, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Базаркүл Сейітжанқызының кәсіби қызмет жолы - республикалық деңгейде жоғары бағаланып келеді. Журналистика саласындағы жемісті жобалары үшін осы кеште - «Қазақстанның үздік медиаменеджері» атағымен марапатталды.
Қаламгердің еңбек жолы Жезқазған облыстық телерадио комитетінен басталған. Кейін Қазақ теледидарының «Астана» студиясында, Қазақ радиосының «Астана» редакциясында, «Астана» радиосында, «Объектив.kz» ақпарат-сараптамалық порталында және Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығында жұмыс істеді. Бүгінде әр қалада еңбек етіп жүрген үзеңгілестері мен шәкірттері мерейтой иесімен өткен жылдардың жарқын сәттерін санада жаңғыртты...
Қаламгердің кәсіби жолындағы тағы бір маңызды бағыт - кейінгі буынға тәлім беру. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас журналистермен бөлісіп, олардың шығармашылық ізденісіне қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде оның тәлімін алған шәкірттері де ақпарат саласында табысты еңбек етіп жүр.
Кештің басты жаңалығы - қаламгердің «Күзде туған көктеммін» және «Жүректе қайрат болмаса...» атты жаңа жинақтарының тұсаукесері. Астанадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрген қос кітапқа автордың өмір жолы, шығармашылық ізденістері мен сүбелі сұхбаттары топтастырылған.
Осы шарада Базаргүл Үмбетова - Қазақстан Бас редакторлар клубының Ұлытау облысындағы ресми өкілі болып тағайындалды. Айта кетейік, Мерейтойлық кештің толық нұсқасын арнамыздағы «Өнер өлкесінде» бағдарламасынан көре аласыздар.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


