ӨҢІРДЕ ГАЗ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Облыс орталығында сұйытылған табиғи газ өндіретін алғашқы зауыттың құрылысы басталмақ. Өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаның бүгін капсула салу рәсімі өтті.
Салтанатты шара облыс әкімінің орынбасарының алғысөзімен басталды. Нұртас Кәріпбаев жобаның өңір үшін маңызы айтылып, оның экономикалық және өндірістік әлеуетті арттырудағы рөліне тоқталды.
«Бүгінгі капсула рәсімі жай ғана құрылыс жұмыстарының басталуы емес, бұл өңірімізге деген инвесторлардың сенімі. Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік әріптестіктің нығаюы және Ұлытау облысының жаңа өндірістік мүмкіндіктерге жол ашуының айқын көрінісі. Жобаның жалпы инвестициялық құны 32 млрд теңгеге жоспарланып отыр. Кәсіпорынды іске асыру нәтижесінде өңірде 80 жаңа жұмыс орны ашу көзделген»
— Нұртас Кәріпбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары
Жобаның жүзеге асуы өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамытуға және энергетикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті экономиканың дамуына оң ықпал етпек.
Шараның негізгі сәтінде облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев пен жоба жетекшісі Ян Мин болашақ зауыт құрылысына арналған капсуланы арнайы орынға орналастырды. Бұл рәсім жаңа өндіріс нысанының құрылысына бастау беріп, өңірдің индустриялық дамуына бағытталған маңызды жобаның алғашқы қадамына айналды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube
Еркеназ Қордабай
Думан Оразов

