ҰЛЫТАУ СПОРТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ БИІГІ

Ұлытау облысының ардагер самбошылары әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін үстем етті. Кипр Республикасының Лимасол қаласында өткен дүбірлі додада өңір спортшылары бір алтын дәне екі қола медаль жеңіп алды.
18-22 қараша аралығында өткен әлем чемпионатына 17 елден спорт шеберлері қатысты. Жарыста 35 жастан асқан ерлер бақ сынады. Қазақстан құрамасы сапында Ұлытау облысынан бес спортшы өнер көрсетті. Нәтижесінде жерлестеріміз үш жүлдеге қол жеткізді. Ержан Қоныров 64 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленсе, Ерболат Әшімов пен Асқар Дүкембаев 79 келі салмақта қола жүлдегер атанды.
Жеңімпаздың айтуынша, әлем чемпионатында үш белдесу өткізіп, барлығында қарсыластарынан басым түскен. Алдымен Беларусь пен Қазақстан спортшыларын жеңсе, финалда Ресей балуанынан айласын асырған.
Спортшылардың бұл жетістігі – тынымсыз еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Олар алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жаңа жеңістерге қол жеткізуді мақсат етеді.
ЕРКЕНАЗ ҚОРДАБАЙ, Алихан Мұхтар
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube
Еркеназ Қордабай

