«ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ОНКҮНДІГІ» ІС ШАРАСЫ ЖАЛҒАСУДА

Қыс мезгілінде тұрмыстық өрт пен улы газдан улану қаупі арта түседі. Осыған байланысты Ұлытау облысында тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Мамандар қауіпсіздік талаптарын еске салып, жылыту маусымында сақтық шараларын ұстанудың маңызын түсіндірді.
Республикалық «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» аясында ұйымдастырылған шара Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір елді мекенінде өтті. Оған Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Есен Байыров, жергілікті атқарушы органдар мен «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының өкілдері, сондай-ақ, төтеншеліктердің жеке құрамы мен ерікті жастар қатысты. Мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, газ жабдықтары мен жылыту пештерін дұрыс пайдалану жөнінде кеңес берді.
Профилактикалық рейд барысында 406 тұрғын үй қамтылды. халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын арнайы датчиктер орнатылды. Бұл құрылғылар үй ішіндегі көміртегі тотығының мөлшері қауіпті деңгейге жеткен жағдайда тұрғындарға дер кезінде ескертуге мүмкіндік береді.
Мамандар жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңызы зор екенін ескертеді. Тұрғындарға пештерді қараусыз қалдырмау, газ жабдықтарын дұрыс пайдалану және мұржаларды уақытылы тазалау қажеттігі түсіндірілді. Айта кетейік, мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube
Алма Сәлімжанқызы

