«ҚАУІПСІЗ ОТБАСЫ САНАЛЫ ҚОҒАМ»

Отбасындағы татулық пен бала тәрбиесі - қоғамның берік негізі. Дегенмен, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым мәселесі де үнемі басты назарда. Осы бағыттағы өзекті тақырыптар Жезқазғанда өткен «Қауіпсіз отбасы - саналы қоғам» атты облыстық семинар-тренингте күн тәртібіне шығарылды.
Іс-шараны «Әділет» партиясының Ұлытау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға партия өкілдері, Аналар алқасының мүшелері, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың мамандары, сондай-ақ колледж студенттері қатысты. Жиынның мақсаты - әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қоғам назарын аудару.
Отбасындағы келеңсіздіктердің алдын алу үшін құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолжетімді көмек көрсету де маңызды. Осы орайда семинарға арнайы шақырылған сала мамандары қолданыстағы заң талаптарын, қорғану тетіктерін және көрсетілетін қолдау түрлерін түсіндірді.Өз кезегінде, Жезқазған қаласы әкімдігінің Отбасы институтын қолдау орталығының заңгері Әлия Қанапия орталықтың жұмыс бағыттарына тоқталды.
Бұдан бөлек, жиында полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы құқықтық шараларды түсіндірсе, Аналар алқасының өкілдері отбасы тәрбиесі мен қоғамдық жауапкершілік мәселелерін көтерді. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандармен пікір алмасты. Айта кетейік, отбасындағы қауіпсіздік пен өзара сыйластықты қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube
Айдана Базарбайқызы

