Елдің ішіндегі түрлі этнос пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен мамыр айының мамыражай таңы мерекемен басталады.
«Алғашқы құрылысшылар» алаңынан жиналған жұртшылықты алдымен облыс әкімі құттықтап, су тасқыны кезеңінде көмек қолын созған, өңірдің қоғамдық ісіне белсенді араласқан азаматтарды Құрмет грамотасы, алғысхаттармен марапаттады.
Сонымен қатар Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов та мінбеге көтеріліп, тасқын кезінде бірлік пен тірліктің үлгісін көрсете білген жандарға құрмет көрсетті. Жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты, мерекелік көңіл күй жарасым тапты.
Бүгінде Ұлытау облысында 50 ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері ғұмыр кешуде. Олар қоғамдық даму мен өңір экономикасының түрлі салаларында жемісті еңбек етуде. Азаттықтың алтын бесігі – бірлік деп ұғынатын ұрпақты тәрбиелеу үшін мұндай күндердің берері мол, әрине!
Мұқағали Сейтқазы, Сергей Майкович, «Ұлытау» телеарнасы