«Тау алыстаған сайын биіктей береді». Ұлттың жоғын түгендеген тұлғаның өзі кеткенімен, соңында өшпес мұрасы қалды. Ескерткіштің ашылу салтанатына ақын-жазушылар мен Ақселеу Сейдімбекпен көзі тірісінде бірге қызметтес болған достары келді.
БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ, ЖАЗУШЫ
-(Мынау сіздердің істеп жатқан істеріңіз бүгінгі іс емес, ертеңгіден де арғы баратұғын, болашақты тәрбиелейтін, ұлтты ұйыстыратын үлкен бір шара. Бұл шараны жасаған ақылдарыңызға, ұлт болып ұйысқандарыңызға мен қатты ризамын.)
Қалың ойдың құшағында отырған Ақаңның алып бейнесін белгілі мүсінші Талапхан Азамат жасап шыққан. Биіктігі 4 метр. Мүсіннің өзі қоладан құйылып, тұғыры Күртінің гранитінен шабылған. Ескерткішті орнатуға шамамен 60 млн теңге жұмсалған. Ол қаржы Ақселеу Сланұлының ұрпақтарының демеушілігімен жиналды.
ЕРНАР СЕЙДІМБЕК А.СЕЙДІМБЕКТІҢ ҰЛЫ
(-Ескерткіш орнату бұл тек қана олардың атын мәңгілікке сақтап қалу ғана емес, ол ең бірінші артынан өсіп келе жатқан ұрпаққа керек нәрсе.)
Ғалымның артында қалған мол мұрасын насихаттау шаралары туған жерінде үнемі жалғасып келеді. Бүгінде Жаңаарқа кентіндегі орталық көшенің бірі оның есімімен аталады. Еңселі ескерткіштің орнауы да оның өнегелі өмірін сөз еткен жұртшылықтың тілегі болатын.
ҚАНАТ ҚОЖЫҚАЕВ ЖАҢААРҚА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
-(өзі оқыған мектебі бар. №1 мектеп дейді 59-жылы соны аяқтаған. Сол мектептің атын қазір осы Ақселеу ағамыздың атына берген болатынбыз. Әрине ол мектепке ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішінен мұражай ашылды. Қазіргі уақытта заман талабына сай мектеп болып тұр.)
Ақселеу Сейдімбек 30-ға тарта көркем, ғылыми және монографиялық кітаптардың авторы. Әлем әдебиетінің жауһары «Илиаданы» қара сөзбен аударған. Өзінің де шығармалары 10-нан астам елдің тіліне аударылды. Қазақтың күй өнерін зерттеп, шоқтығы биік әндер қалдырды.
Мұқағали Сейтқазы, Жасұлан Төлен, «Ұлытау» телеарнасы