Ұлытау облысында ұлттық спорт та тың серпінмен дамуда. Өткен жылы ғана құрылған облыстық «Бәйге» федерациясы осы сөзіміздің даусыз дәлелі десек те болады.
Қала іргесіндегі Талап селосында өткен маусымашарға жиналғандардың қарасы қалың болды. Ауыл әкімі Қайрат Бапанов шабандоздарға сәттілік тілеп, ауыл ақсақалы қазақы дәстүрмен бата берді...
Осылайша жер тарып тұрған тұлпарлардың додасы басталды да кетті. Құлағын қайшылап тұрған қазанаттар мен қазанаттардың құлағында ойнайтын азаматтар үшін мұндай дода үлкен мереке десек те болады.
Тай жарысы 4 шақырымдық бір жарым айналым, құнан жарысы 2 жарым айналым, топ бәйге 4 айналым, ал, аламан 6 айналымды құрады. Жарыс деңгейі облыстық болғанымен, көршілес Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласынан да ат қосқандар болды. Жеңімпаздар бағалы заттай және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Болашақта «Бәйге» федерациясы өңірдегі ат спортын дамыту бағытында түрлі жобаларды қолға алуды жалғастыра бермек. Маусымашарда топ жарған жүйріктер республикалық додаларға жолдама алды.
Мұқағали Сейтқазы, Мейіржан Мейрамұлы, «Ұлытау» телеарнасы