Өнер мектебінің эстетикалық даму бөлімін биыл 34 балдырған аяқтап отыр. Олар 3 жыл бойы бірнеше бағыт бойынша білім алып, алғашқы негіздерін қалыптастырды.
Раиса АЙМАҒАНБЕТОВА Балалар өнер мектебінің жалпы эстетикалық даму бөлімінің меңгерушісі
Біз жылда осылай түлектерді шығарып саламыз. Түлектеріміздің көбісі әсіресе бейнелеу өнері сабағына түседі. Ол енді біздің мұғаліміміміз Гүлмира Ракишевна Ақылбекованың еңбегі деп ойлаймын. Және сонымен қатар бізде тағы бір мұғалім бар музыка сабағынан беретін. Ол кісі Сариева Нагима Аскаровна. Енді осы мынау 1 маусым балаларды қорғау күнінде еліміздің балаларына, бүлдіршіндерімізге тілейтінім аспандары ашық болсын, бейбіт өмір сүрсін.
Балғындар ырғақты би, муызка, бейнелеу,ертегі терапия бағыттарында білім алды. "Күнді іздеген достар"атты музыкалық қойылымы- сол бір жылдық білімнің нәтижесі. Олардың өнерін тамашалаған ата-аналары таңданыстарын жасырмады. Баланың бойындағы дарынды ашып, «болам деген баланың, бетін қақпай белін буған» ұжымға алғыстан өзге айтарлары жоқ.
Айгүл КӨПБАЕВА ата-ана
Осыдан 8 жыл бұрын тұңғыш балам осы жерден оқып шыққан.Енді кенжемді әкеліп отырмын.Себебі эстетика бөлімінде баланың талантының дамуына үлкен мүмкіндіктер береді.
Жалпы өнер мектебінің құрылғанына биыл 64 жыл толады. Ұжымда небір білікті де білімді маман еңбек етіп, талантты жастайынан танып, өнерге баулып, күй шертіп, ән салуға тәрбиелеп, халқымыздың тұрмыста тұтынатын бұйымдарын жасаудың қыр-сырына қанықтырып, әр үлгіде сурет салу машығын үйретіп, ұядан қияға ұшырып келеді. Бүгінгі күні өнер ордасында 700-ге жуық бала дәріс алады. Киелі орда шаңырақ көтерген аралықта талай толағай табыстарға қол жеткізіп, биіктерді бағындырды. Талабы таудай өнер мектебінің һас түлектері бірнеше республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, Бас жүлделерді қанжығаларына байлап, қаламыздың намысын қорғап жүр. Болашақта олар да жезді өлкенің түрленіп, түлеуіне өз үлестерін қосары анық.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, МЕЙІРЖАН МЕЙРАМҰЛЫ «ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ