Аталған семинарға «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты» мен «АлматыГидроГеология» және «Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» өкілдері де ат басын бұрды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе: жемшөп дайындаудың заманауи тәсілдерін қолданысқа енгізу. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі бағдарламалар жайлы кеңінен ақпарат беру.
Өткен жылы өңір фермерлерінің ірі техникалары 4 пайызға жаңарған. Биыл аталған цифр еселене түседі деп күтілуде. Алайда, Жергілікті шаруалар шапқан шөп – аймақ қажетілігін 70 пайызға ғана жауып отыр. Қалған 30 пайызы көршілес облыстардан тасымалдануда. Бұл орайда суармалы алқап көлемін ұлғайту жұмыстары жолға қойылуда дейді салаға жауапты басқарма мамандары.
Семинардың «Мирас» шаруа қожалығы алаңында өтуі де бекер емес. Аталған қожалық иесі Төлеген Жаманов мемлекеттік бағдарламалардың шапағатымен шаруашылығына қажетті соңғы үлгідегі құрылғыларды сатып алып, оны сәтті қолданып отырған азамат. Жиынға келген шаруалар әріптестерімен тәжірибе алмасатындықтарын айтты.
Семинар барысында «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы ауылшаруашылық жобаларын қаржылық қолдау тетіктерін түсіндірді. Экономикасы өндіріске тәуелді өңірде ауылшаруашылығының үлесін арттыру айтарлықтай маңызға ие, әрине!
Мұқағали Сейтқазы, Сергей Майкович, «Ұлытау» телеарнасы