Күлжәмила Адырбаева- 72 жаста. Сәндік-қолданбалы қол өнермен айналысады. Ол қажетті шикізатты өзі өңдейді: кірден тазартады, жүнді жуады және иіреді. Киіз басып, сәндік сипаттағы кескіндемелер салады және қазақтың алуан түрлі ою-өрнектерімен бұйымдар жасайды. Текемет, сырмақ, бітпес, қоржын, басқұр секілді киіз үй жабдықтарын жасау арқылы ата-бабамыздан қалған мол мұраны жас кезінен меңгерген. Сонымен қатар құрақ құраумен де айналысады.
Күлжәмила АДЫРБАЕВА қолөнерші
Мен 1952 жылы дүниеге келдім. Шешем бітпес істеген адам. Шешем өзі бітпес істеп, сосын енді шешемізден көргенді істедік енді менен көрегенді қыздарым істейді. Бұны істемесем жата алмаймын сөздің қысқасы, істегім кеп тұрады. Бітпес деген өзінің аты тұр ғой. Бітпейді, көп уақыт кетеді. Ананың бәрін бастырасың ғой. Оюдың бәрін бастырасың, көріп тұрсың ғой, инемен бастырасың мынанынң бәрін. Енді кәсіп қылған сияқты істемесек отыра алмаймыз.
Қолөнер шебері бұйымдарын тек көңіл қалауымен жасайды. Тапсырыспен жұмыс істемейді. Тек отбасы мен үйге қажетті бұйымдардымен айналысады. Айта кетейік, тұла бойында ананың балаға деген махаббаты мен еліне деген шексіз сүйіспеншілігі төгіліп тұрған жан, отбасының береке- бірлігін кіргізіп отырған ана Күлжамила Адырбаеваның 10 баласы мен 26 немересі бар.
Күлжәмила АДЫРБАЕВА қолөнерші
Осылай енді бұрынғы көненің көзі, қазақтың несін нақыш қып ұстаса болды ғой енді. Мысалы мен өзім онкологиямен кәдімгідей химиясын алып ауырдым содан жата бермей мынаған көңілімді жіберем. Келінім мен қыздарыма айтам- талпыныңдар, еңбек етіңдер. Ертең кәртайған соң бәрібір істей алмайсыңдар деймін. Шәршамаңдар. Қыздарыма солай айтамын. Қыздарым бәрі өзіме тартқан. Мынадай қыздарды тәрбиелегеніңіз үшін рақмет деген алғыс алып жатырмын 7-еуінен де.
Күлжәмила апа сан ғасырдан мирас болып келе жатқан қолөнер түрлерін бойына сіңіріп, көзбен көріп өскен жан. Күлжәмила Адырбаева күні бойы үй шаруасымен айналысады. Өз қолымен бақша егіп, өзі күтіп-баптайды. Сондай-ақ шебер әжеміз құрт пен сүт өнімдерін де даярлайды.
АЛМА СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ,“ҰЛЫТАУ” ТЕЛЕАРНАСЫ