Акция аясында төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері «ЦУМ» сауда үйінде өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы сақтау бойынша профилактикалық іс-шара өткізуде. Өрт сөндіру құралдарының дұрыс пайдаланылу тәсілдері түсіндіріліп, төтенше жағдайлар кезіндегі арнайы іс-қимылдар көрсетілді. Іс-шара жоспары бойынша бойынша, үшінші қабатта орналасқан сауда бөлмесінің бірінде өрт шықты. Өртке қарсы дабыл басталғаннан кейін сауда үйінің әкімшілігі бірнеше минут ішінде жұмысшылар мен сатып алушыларды эвакуациялады. Өрт орнына жедел түрде өрт сөндірушілер келді.
Өрт сөндірушілер өрт ошағына су тарту үшін шұғыл әрекет етті. Ғимаратты тексеру кезінде сауда орталығында 1 адам ғимарат ішінде қалғаны белгілі болды. Ал, зардап шеккен адамды ғимараттың төбесінен эвакуациялау үшін арнайы баспалдақ орнатылды. Төтеншеліктер тез арада көмек көрсетіп, адам жанын тілсіз жаудан арашалап қалды.
Жезқазған қаласы ТЖ басқармасының басшысы сауда-ойын- орталықтарында, сауда үйлері мен базарларда өрт қаупі ірі материалдық залал мен басқа да ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын атап өтіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығуларға 4 бірлік техника және өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 20-дан астам адам жұмылдырылды.
Перизат Дәлкенқызы, Айдос Өмірбекұлы, Ұлытау