Кезекті аппарат жиналысы өңірдегі кадрлық өзгерісті таныстырудан басталды. Азат Исенов Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды. Бұған дейін аталған департамент басшысының орынбасары қызметінде болған.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе: «Ауылдық аумақтарды дамыту». Ұлытау облысында 70 тен астам елді-мекен бар, онда 46 мың 100 адам тұрады. Яғни, өңір халқының 20,8 пайызы ауыл тұрғындарының үлесі. Ауылдағы тірлікке серпін беру мақсатында қолға алынған жобалар жүйелі жүзеге асырылуда.
Мемлекет тарапынан қолдау тапқан бағдарламалардың бірі «Дипломмен ауылға» жобасы. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында біздің облыстың ауылдарына 42 жас маман келген. Оның 21 і Жаңаарқа ауданының елді-мекендеріне жол тартса, 17 сі Ұлытау ауданына қарасты ауылдарға жұмысқа орналасқан. Қалған төртеуі Жезқазған қаласының іргесіндегі селолық округтерде. Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстардан халық тұрақты хабардар болып тұруы керек деді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Аталған санаққа өңірдің дайындығы екінші мәселеде қаралды. Бұл бағытта 2024 жылы атқарылуға тиіс іс шаралар сараланды...
Облыс әкімінің өкіміне сәйкес, Ұлытау облысы бойынша санақтың өңірлік комиссияның құрамы белгіленді. Қала және аудан деңгейлерінде де тиісті Комиссиялар құрылды. Алайда, алдын ала жүргізілген санақтар қортындысы нақты цифрге сәйкес келмейді деді салаға жауапты департамент басшылығы. Фермерлер ескі әдеттеріне басып малдың шынайы санын бермейді екен. Берік Әбдіғалиұлы елді мекендердегі ветеринар мамандардың жұмысын сынға алды...
Аппараттық кеңесте айтылған сұрақтар бойынша тиісті басқармаларға тапсырмалар жүктелді. Көтерілген мәселер аймақ басшылығының тікелей бақылауында болмақ.
Мұқағали Сейтқазы, Мейіржан Мейрамұлы, «Ұлытау» телеарнасы