Берік Әбдіғалиұлының кеншілер шаһарына жасаған жұмыс сапары қала орталығындағы Оқушылар сарайынан басталды. Алғашқы іргестасы 2019 жылы қаланған ғимарат түрлі себептермен бүгінге дейін толықтай дайын болмауда. Қазір мұнда қалған жұмыстарды «CK NEW CITY» мердігерлік ұйымы аяқтауда.
Мердігер компания өкілдері аталған нысанның жылу радиаторларын толықтай ауыстырып, сейсмикалық тұрақтылыққа баса назар аударатындығын айтты.
Ал, мынау 320 орындық балабақша ғимараты. Мұндағы құрылыс та тым ұзаққа созылуда. Алайда, жауапты мамандар құрылыс жұмыстарының дені аяқталған деді.
Өңірдегі сақалды құрылыстар - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысылығының тікелей бақылауында болмақ...
Ерлан Жолдыбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы
Бюджет қаржысын уақытында бағытталған сала бойынша дұрыс игерілмеуі біздің басты бақылауда. Құрылысы аяқталмай тұрған объектілерді де назарда ұстаудамыз. Атап айтар болсам: Сәтбаев қаласындағы оқушылар сарайы, Жезқазған қаласында Қ.Сәтбаев ескерткіші тұрған алаң, Ұлытау ауданы Жезді кентіндегі спорттық сауықтыру орталығы. Бұл нысандар бойынша біздің еріктілер тобы қоғам белсенділерімен бірлесе түрлі сарапатамалар жасады. Әрі қарай да қадағалауды күшейте береміз.
Аймақ басшысы шаһарда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Атап айтар болсақ, Шаталюк көшесінде орналасқан 5 қабатты 30 пәтерлі тұрғын үй мен Тәуелсіздік көшесіндегі 4 қабатты 56 пәтерлі тұрғын үй. Аталған көп қабатты үйлердің құрылысы алдын ала белгіленген кестеге сай кедергісіз атқарылуда.
Мұқағали Сейтқазы, Думан Оразов, «Ұлытау» телеарнасы