Мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері, қала қонақтары мен тұрғындары, сондай-ақ Маруа Құлұшева атындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленуішлері қатысты. Бұл күні ежелден қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі дәстүрлер көрініс тапты.
Эльвира Мұхаммедин Жезқазған тарихи археологиялық музейінің экскурсия бөлімінің басшысы
Бұл іс-шарада біз осы наурыздың басты символы өмір ағашы жолтеректі айттық. Және де көрме жәрмеңке ұйымдастырылды. Киіз үйдің инсталяциясы жасалды.
Киіз үйге музей қорындағы этнографиялық коллекциялары қойылды. Қолөнер шеберлері, зергерлер мен ұсталардың көрме жәрмеңкесі өтті. Батырдың бес қаруын жасап, кіреуке сауытты келістіре тоқып, қамшы мен жүген өретін, ер-тұрманды әдемі етіп әзірлейтін шебер Ерғазы Исатаев өнерді бала күнінен жанына серік еткен. Айтуынша ата-бабасы шеберлігімен дараланып, елге еңбегі сіңген.Шебер табысын көбіне жаңа туынды жасауға, халықаралық көрмелерде қазақ мәдениетін насихаттауға жұмсайды.
Ерғазы ИСАТАЕВ қолөнер шебері
Атам өрімші болса, әжем менің текемет, сырмақ басып жататын. Енді маған өнер содан дарыды деп ойлаймын. Өйткені менің өзім бала кезінен әуес болдым.
Ерғазы Исатаевтың қолынан шыққан дүниелер бүгінде өңірдегі бірнеше мұражайдың қорына өткен. Мерекелік шараға қатысқан қалалық мәслихат төрағасы Раушан Қапарова наурыздң мән-мағынасына тоқталды.
Раушан ҚАПАРОВА Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы
Әрбір іс-шараға мән бере қарау керек. Оны тек қана көрсетіп қоймау керек. Оның маңыздылығын да аша білу керек.
Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармония әртістері шараның шырайын келтірді. Кеш соңында музейдің көрме залына экскурсия ұйымдастырылды.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ;АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ «ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ