Аталған жиынға аймақ басшысымен орынбасарлары, облыстық мәслихат төрағасы, ақсақалдар алқасы және «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы қатысты. Алдымен облыс орталығында атқарылған шаруалар баян етіліп, биылғы жылғы жоспарлар таныстырылды. Жезқазғанның 2024 жылға арналған бюджеті 33 млрд 120 млн теңге көлемінде бекітілген. Оның басым бөлігі коммуналдық салаға бағытталмақ.
Сонымен қатар облыс әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумы аясында қолға алынатын жобалар да назардан тыс қалмады. Корпорацияның басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев алып кәсіпорын атқаруға уәде берген жұмыстар белгіленген жоспарға сай орындалатындығын айтты. Қарқынды құрылыстардың тежеуі – тек жылу жетіспеушілігінен туындауда.
Жиында әлеуметтік саладағы сан сауал да көтерілді. Бұл ретте Жезқазғанда жайлы мектеп жобасы мен жаңа балабақшалар салынбақ. Аймақ басшысы барлығы қаланың Бас жоспары негізінде болу керектігін тапсырды.
Жезқазғаннан кейін күн тәртібіне кеншілер шаһарының даму жоспары шығарылды. Бұл жөнінде Сәтбаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмат Саухимов жан-жақты айтып берді. Биылғы жылғы қала бюджеті 12 млрд 725 млн 587 мың теңгені құраған. Шаһардың 14 көшесінің жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Қала халқы санындағы өсімге байланысты – Сәтбаевта жаңа үйлер бой көтеруде. Тәуелсіздік көшесі 15/1 мекенжайында 56 пәтерлі несиелік тұрғын үй құрылысы аяқталмақ. Өткен жылдың қазан айында 6,7 шағын аудандарда бес қабатты 60 пәтерлі және 30 пәтерлі тұрғын үйлердің мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, мұндағы негізгі мәселе де – Жезқазғандағыдай жылудың жетіспеушілігі...
Қос қаланың даму жоспары – өңір басшылығының тікелей қадағалауында болмақ. Алдағы аптадағы дәл осындай жиында Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданының даму перспективалары талқыланбақ...
Мұқағали Сейтқазы, Мейіржан Мейрамұлы, «Ұлытау» телеарнасы