Сессияны облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен әдеттегідей күн тәртібі бекітіліп, сессияның есеп комиссиясының құрамы сайланды. Үшінші мәселе бойынша 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке 2023 жылғы 13 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. Бұл жөнінде облыстық экономика басқармасының басшысы Виктория Ставицкая кеңінен ақпарат берді. Бұл ретте – мәслихат төрағасы бөлінген бюджетті уақтылы және сапалы игеру бойынша білім басқармасының жұмысын сынға алды. Аталған басқармаға қарасты ғимараттардың алдағы оқу жылына дайындықсыздығы да айтылды.
Бауыржан Шыңғысов, Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы
-(Облыстық мәслихат депутаттары көтермесе, Сәтбаевтағы жаңа балабақшалар әлі жиһаз алу жұмыстарын да бастамас еді. Бюджетті бекітетін – облыстық мәслихат, оның игерілуін қадағалайтын да – облыстық мәслихат. Алда 9 айдың қортындысы келе жатыр, дұрыс игере алмасаңыздар ренжімеңіздер...)
Сонымен қатар сессияда қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы мөлшерлемесін көтеру мен Жер учаскелерін беру және алып қоюға байланысты мәселелерді қарау жөніндегі облыстық жер комиссиясын құру туралы шешімге өзгеріс енгізу шаралары қаралды. Өз кезегінде өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысына тоқталды.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі
-(Біздегі негізгі кемшіліктер – ауылшаруашылығы, жол және цифрлық даму салаларында. Басқа салаларда өсудің оң динамикасы сақталды. Бізде барлық қортынды бар. Алда атқаратын жұмыстар да жеткілікті.)
Айта кетейік, сессия соңында Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Мұрат Бөрібаевтің Сәтбаев қаласының әкімі болып тағайындалуына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Мұқағали Сейтқазы, Айдос Өмірбекұлы, «Ұлытау» телеарнасы