Биыл егеменді еліміздің жергілікті өкілді органдары саналатын Мәслихаттарға 30 жыл! Тәуелсіз Қазақстанда мәслихаттар тарихы – 1994 жылдан бастауын алады. Халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын халық қалаулыларын облыс әкімі Дастан Рыспеков құттықтап, ардагер депутаттарға құрмет көрсетті.
Әрі қарай марапаттау легін облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов жалғастырды. 2022 жылы 8 маусымда құрамы 12 депутаттан тұратын Ұлытаудың алғашқы облыстық Мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Араға бір жыл салып, 2023 жылы 19 наурызда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Қазіргі таңда Ұлытау облысында барлық деңгейдегі мәслихаттарда 80 нен астам депутат бар.
Осы жиында «Ұлытау облысының мәслихаттары» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Алматы қаласындағы «Тау-Қайнар» баспасында жарық көрген жинақта - жас облыстың жаңғыру кезеңі мен қала-аудан мәслихаттарының тыныс тіршілігі және жеке тұлғалар жайында ақпарат енгізілген. 30 жылдықта марапат биігіне көтерілген халық қалаулылары – еткен еңбектің еленгеніне дән риза...
Иә, Бүгінгі қоғамда – мәслихаттардың рольі мен құзіреті ерекше! Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен қортындыланды.
Мұқағали Сейтқазы, Сергей Майкович, Мейіржан Мейрамұлы, «Ұлытау»