Тарихқа тағзым
Ulytautv 02-июн, 09:59 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қазақстанда 1997 жылдан бері аталып келеді. Бұл – ХХ ғасырдағы ең ауыр тарихи кезеңдердің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықты еске алуға арналған күн. 1921–1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сотталып, соның шамамен 25 мыңы ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Ал, ашаршылық жылдары елімізде 2 миллионнан астам адам ажал құшты.Бүгінде осы жандарды еске алу үшін ескерткіш маңына жиналған азаматтардың қарасы қалың болды.
Шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Жиналғандар құрбандардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады, гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қазақстанда ГУЛАГ жүйесінің ауқымды лагерьлері болған. Ел аумағында Карлаг, Степлаг, АЛЖИР сияқты лагерлер жұмыс істеді. Бұл жерлерге корей, неміс, шешен, қырым татары секілді жер аударылған халықтар қоныстандырылды.Ол қасіретті жылдардың естелігі тек халық жадында ғана емес, мемлекеттік деңгейде де бекітілген. 1993 жылы-ақ «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.Жыл сайын 31 мамырда қазақстандықтар мемориалдарға гүл шоқтарын қойып, мұражайларға барып, еске алу сабақтарына қатысады. Бұл – тарихты сақтау ғана емес, оны келер ұрпаққа аманаттау жолы.
АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ
«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ