ЖОЛ КАРТАСЫНА ЕНГЕН НЫСАНДАР «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Делегация барған алғашқы нысан-  Кеңгір ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория. Жоба «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары биылғы қаңтарда басталған, нысанды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы, жыл соңына дейін облыста 14 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілмек.


 

Келесі нысан — Сәтбаев қаласында партияның Жол картасы аясында салынып жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй. Бұл несиелік үй болмақ. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, барлық жұмыс осы айдың соңына дейін толық аяқталады.Мәжіліс депутаты, комитет төрағасы Павел Казанцев кемішілктерді тізді, қандай нысан болмасын сапалы болуы қажет деді.


 

Аймағымызда ауыз-су мәселесі өзекті. Кеншілер шаһарында Есқұла су құбырын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба Сәтбаев пен Жезқазған қалаларын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда жұмыс 80%-ға аяқталған. Алайда, сорғы станциясын жаңғырту, хлоратор қондырғысын іске қосу, резервуарларды қосу және құбырларды ауыстыру сынды бірқатар жұмыстар мен техникалық мәселелер де бар. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында Жезқазғанда шаруашылық-ауызсу тазарту нысандарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Реагенттік станция салынып, сорғылар, сүзгілер мен резервуарлар жөнделуде. Жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы арқылы қала толық таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.


 

Жол картасындағы маңызды нысанның бірі – «Намыс» спорт академиясы. Жоба Ұлытау облысы әкімдігі мен Қазақмыс корпорациясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асып жатыр. Қазіргі таңда нысанның 80%-ы аяқталған. Академия 110 оқушыға арналған және жатақханамен қамтылған.Бұдан кейін жұмыс тобы «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Айта кету керек, жоба «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы меморандум аясында жүзеге асқан. Жалпы құны – 8,5 млрд теңгені құрайды. Спорт кешені заманауи құрал-жабдықтармен, түрлі жаттығуларға арналған залдармен толықтай жабдықталған. Комитет төрағасы бұл нысандарға оң бағасын берді.


 

Павел Казанцев жоспарланған барлық нысандарды аралап шықты. Ол жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтап, нысандарды мүмкіндігінше тезірек пайдалануға беруді тапсырды.


 

ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ

«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу