РЕСПИРАТОР ШЫҒАРАТЫН ӨНДІРІСТІК ЦЕХ АШЫЛДЫ

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі экономиканы әртараптандыру мақсатында атқарылып жатқан осындай жобалардың маңызын атап өтті. 


 

Дастан РЫСПЕКОВ Ұлытау облысының әкімі

 

Облыс әкімдігі инвестицияларды тарту және кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын басым міндет ретінде қарастырады. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасауға, тиісті кедергілерді азайтуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыра береміз.

 

Бұл жоба «Ulytau Industrial (ИНДАСТРИАЛ) Company» ЖШС мен негізгі тапсырыс беруші — «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы үш жылдық  офтейк келісім яғни алдын ала келісім негізінде жүзеге асырылды. Қазақмыс компаниясы жеке қорғаныс құралдарына жыл сайын 71 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды. Ал, жаңа цехтың ашылуы импортты алмастырып, өңірдің өнідірістік инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді. 2024 жылғы тамызда қол қойылған келісім бойынша алдағы 3 жылда 14,5 миллионнан астам респиратор шығару жоспарланып отыр, оның локализация деңгейі кемінде 69%-ды құрайды.


 

Нұрахмет НҰРИЕВ  «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы

 

Бұл жоба Президенттің тапсырмасы өңірде қалай нақты іске асатынын айқын көрсетеді. Біз тапсырыс беруші ғана емес, тұрақты сұранысты қалыптастыруға дайын серіктес болдық, бұл инвестор үшін тәуекелдерді төмендетеді. Біздің қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі сапалы әрі осында, Ұлытауда өндірілген құралдармен қамтамасыз етілуі маңызды. Әрине, алдағы уақытта кәсіпорын өнім ассортиментін кеңейтуді көздейді.

 

Жаңа цех заманауи техникамен жабдықталған, өндіріс пен санитарлық талаптарға сай жұмыс істейді.Өнімнің сапасы барлық кезеңдерде қатаң бақыланады.  


 

Жалпы 2025 жылы өңірде жалпы құны 138 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2028 жылға дейін жалпы сомасы 917 млрд теңгеге 22 жобадан тұратын инвестициялық пул қалыптастырылды. Бұл бастама 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал, іске асқан жобалардың барлығы әкімдіктің жіті бақылауында болады.


 

Айта кетейік, экономиканы әртараптандыру мақсатында 2024 жылы Ұлытау облысында жалпы сомасы 34 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл жобалар 200-ден астам жаңа жұмыс орнын құрды. Сонымен қатар, өткен жылы негізгі капиталға 226,5 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 89%-ы жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі.


 

ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ

«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ

 

 


Пікірлер (0)

пікір қосу