СЕНАТОРЛАР ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА
Ulytautv 20-июн, 16:54 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Сенаторлар «Kazakhmys Smelting» ЖШС құрамындағы Жезқазған мыс қорытау зауытында болды. Зауытта төрт цех жұмыс жасайды. Мыс балқыту, шихта дайындау, электролиз және күкірт қышқылы цехы. Қосалқы цехтар да бар. Жобалық қуаты — жылына 170 мың тонна катодты мыс. Қазіргі таңда мұнда екі пеш жұмыс істеп тұр. ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына зауыттың негізгі технологиялық үдерістері көрсетіліп, қол жеткізілген нәтижелер таныстырылды.
Өндірісті аралағаннн соң, кеңейтілген жиын өтті. Оған Сенат депутаттары, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорын басшылары қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды: Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, өңірді газдандыру және өткен жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар.
Алмаз ЫДЫРЫСОВ Ұлытау облысы әкімінің орынбасары
Соңғы үш жылда өңірде жалпы құны 58 миллиард теңге болатын 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. 200-ге жуық жаңа сауда нүктесі ашылып, 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар көлік-логистика инфрақұрылымы да дамып келеді. 18 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, тағы 20 нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Сенаторлар аймақта инвестиция көлемінің артып келе жатқанын құптаса да, бірқатар түйткілді мәселелердің бар екенін айтты. Соның ішінде Жезқазған жылу электр орталығындағы жабдықтардың ескіруі. Қазіргі уақытта станцияда табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа бу-газ қондырғысы салынып жатыр. Бұл жоба іске асырылса, энергия тиімділігі артып, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар азаяды және жаңа жұмыс орындары ашылады. Алайда станцияны табиғи газбен толық қамту мәселесі өзекті болып отыр. Сенат депутаттары бұл түйткілдің шешімін республикалық деңгейде қарастыруға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Шәкәрім БҰҚТҰҒҰТОВ ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Халық қалаулылары аймақтағы мыс өндірісі жоғары деңгейде екенін айтты. Дегенмен, салық мәселесі, тұрғын үй, әлеуметтік саланы дамыту қажет деді. Кеңестен кейін мемлекеттік қолдау керек басым бағыттар тізімі жасалады.
Шәкәрім БҰҚТҰҒҰТОВ ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Жиын барысында сенаторлар өңірдің негізгі даму бағыттарына қатысты сұрақтар қойды. Барлық ұсыныстар ескеріліп, бақылауға алынды.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ
«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ