ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАДЫ
Ulytautv 21-май, 17:48 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың туындысы ата-баба дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға үндейді.Оқиға желісі бойынша бір әулеттің төрт ер азаматы қайықпен ашық теңізге аңға шығады да, қою тұман арасында үш күн бойы жолдан адасады. Әлдері құрып шаршаған ересек үшеуі құмырадағы соңғы бір жұтым суды ұрпақ жалғастығы аман қалсын деп, араларындағы ең жас балаға қалдырады да, бірінің ізінен бірі ақырғы сапарға аттанады. Осындай қайғы-қасіретке толы дастанды көрерменге түсінікті етіп жеткізу оңай емес дейді, қойылым режиссері Талғат Теменов. Сол себепті де ол еліміздің театрларында сирек қойылады. Дегенмен дәл осы күрделілігі оның көркемдігін арттыра түседі.
Талғат ТЕМЕНОВ Қазақстанның халық әртісі, қойылым режиссері
Санаға сәуле, жүрекке салмақ түсірер спектакльден көрерменнің көңілге түйері де көп болады.Қойылымға кәсіби әрістермен қатар театр студенттері мен мектеп оқушылары да қатысып жатыр.
Шаһарымыздағы С.Қожамқұлов атындағы сазды-драма театры – республикамыздағы көшбасшы өнер ұжымдарының бірі. Театр актерлері барлық өнерін салып, оқиғаны шынайы түрде көрсетуге күш салып жатыр. Айта кетейік, «Теңіз жағалаған тарғыл төбет» спектаклінің премьерасы 27 мамыр күні өтеді. Бұл қойылым театр маусымындағы ең есте қаларлық оқиғалардың біріне айналары сөзсіз.
АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ
«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ