«ҮКІЛІ ҚОБЫЗ» СЫЙЛЫҒЫ ӨЗ ИЕЛЕРІН ТАПТЫ
Ulytautv 22-май, 10:59 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ / ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ
Бүгін қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нәрін сыйлайтын театр әртісінің, көмейіне бұлбұл ұялаған әншінің, әр сәтті қалт жібермей, таспаға түсіретін фотографтың еңбегін елеп, алғыс айтатын кəсіби мереке. Қала әкімі Қайрат Шайжанов осы мамандардың еңбегін ерекше атап өтіп, мәдениетке қолдаудың бар екенін жеткізді.
Қайрат ШАЙЖАНОВ Жезқазған қаласының әкімі
Жезқазған – өнерімен өрісті өлке. Бүгінде мысты шаһардың мәдениет және өнер ордаларында 500ге жуық адам еңбек етеді. Кеште өңірдің мәдениетін дамытудағы үлесі үшін мәдениет саласының қызметкерлері облыс, қала әкімдігінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.
Бақытжан ӘШЕМБЕКОВА Жезқазған қалалық «Лира» мәдениет үйінің бас есепшісі
«Үкілі қобыз» сыйлық иелерінің есімдерін еститін сәт те келіп жетті. Биылғы үздіктер «Жыл әртісі» ,«Үздік менеджер», «Жыл хореографы» «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі», «Жылдың үздік кітапханашысы», «Жылдың үздік музей қызметкері», «Тіл жанашыры» «Жылдың үздік эстрада әншісі», «Үздік жас қаламгер» сияқты 10 аталым бойынша марапатталды. Марапатқа ие болған әрбір жан – өз ісінің хас шеберлері. Жүлдегерлердің әрқайсысына 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Әсел ЕРБОСЫНОВА «Жыл хореографы» номинациясының иегері
Жезқазған қаласы әкімінің «Үкілі қобыз» сыйлығының бас номинациясы- «Мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы және 300 мың теңге ақшалай сыйлық. Бұл номинацияны Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының көрермендермен жұмыс жөніндегі менеджері, ссы қызметте табан аудармай 24 жыл еңбек етіп келе жатқан Ұлболсын Байысбек иеленді.
Ұлболсын БАЙЫСБЕК «Мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясының иегері
Қобызды халқымыз қастерлеп төріне қояды, аялап үкі тағады. Қолына алып қобыз шалған өнерпаздың бойында тылсым күш ағысы, кие қанаты бар деп санаған.бүгінгі қобыз – бақытты заманның куәгері. Ол – үкілі үміттің жаршысы. Қала әкімі сыйлығының «Үкілі қобыз» деп аталуының сыры да осында. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен түйінделді.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, БЕКЖАН МАРАТҰЛЫ
«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ