СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КҮШЕЙТІЛДІ

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Алдымен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаев жемқорлық тәуекелдерін тізіп шықты. Бармақ басты, көз қысты әрекеттерді де атады. Осы жылдың 5 айында ғана 13 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліпті.


 

Ерлан ЖОЛДЫБАЕВ ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы

 

Яғни 11 тұлға анықталды, оның ішінде 5-еуі — облыстық деңгейдегі жоғары лауазымдағы қызметкер. Пара алу фактісімен 5 адам анықталды. Жалпы алынған пара көлемі — 7,5 млн теңге. Ал 6 тұлға 8,6 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған. Жемқорлықтың 2 фактісі және шағын және орта кәсіпкерлік қызметіне негізсіз араласу жағдайлары анықталды. Бір қылмыстық іс аясында келтірілген залал көлемі 110 млн теңге. Қазіргі таңда оның 28 млн теңгесі өндірілді. Бұл жұмыс толық өтелгенге дейін жалғасады.

 

Тергеу бағытында 14 қылмыстық іс тіркеліп, оның 10-ы сотқа жолданған. Осылайша, Департамент басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында кешенді әрі жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.


Күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. Мұқағали Рамазанов мемлекет менішгіне қайтарылған жерлер туралы айтып, сандарды сөйлетті.


 

Мұқағали РАМАЗАНОВ ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.а

 

Облыс құрылғаннан бері ауыл шаруашылығы мақсатында берілген 519 мың 431 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. 2025 жылға пайдаланылмай жатқан және ҚР заңнамасын бұза отырып берілген жерлердің мемлекет меншігіне қайтару бойынша 180 мың гектар жер телімі жоспарда тұр. Бүгінгі таңда Ұлытау облысы бойынша 99431гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

 

Мемлекеттің ұстанымы — жерді алып қою емес, оны мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету деген Мұқағали Рамазанов облыс әкімінен аудан және қала әкімдеріне ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында қайтарылған жерлерді қайта беру үшін жылына кем дегенде 2 конкурс өткізуді сұрады.


 

Дастан РЫСПЕКОВ Ұлытау облысының әкімі

 

Қайтарылған жер учаскелерін рәсімдеген жоқ. Сондықтан бұл жұмыстарды үйлестіруді күшейту қажет. Аталған ұсыныстарды протоколға енгіземіз.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов Zoom платформасы арқылы қалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.                                                                                                                  


Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы өз саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен жүргізілген ішкі талдау нәтижелерін тізді. Облыс әкімі ішкі талдаудың маңызын атап өтіп, оның негізінде жемқорлық тәуекелдерін анықтап, заңды шешу жолдарын табуға болатынын айтты. Жиында білім саласындағы кемшіліктер де сөз болды. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық қылмыстары атқарылып жатқан жұмыстарды артқа тартады. Облыс әкімі сол себепті де сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде сараптама жүргізілуі бақылауға алынсын деді. Көтерілген мәселлердің барлығын қатаң бақылауға алуымыз қажет деп жиынды түйіндеді.


 

ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ

«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ

 

 


Пікірлер (0)

пікір қосу