ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ
Ulytautv 13-июн, 14:10 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Сессияны облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов ашып, жүргізіп отырды. Оған Ұлытау облысының әкімі мен орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.Алдымен,әдеттегідей күн тәртібі бекіді. Одан кейін есеп комиссиясы сайланды.Одан әрі 2025–2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы экономика басқармасының басшысы Нұрлан АБДУКАЛИМОВ баяндама жасады.
Нұрлан АБДУКАЛИМОВ экономика басқармасының басшысы
Сессия барысында Бауыржан Шыңғысов қалалық және облыстық мәслихат депутаттарынан түскен ұсыныстарды жеткізді. Солардың ішінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қосымша қаржы бөлу туралы сұраныс бар. Сәтбаев қаласындағы екі мектеп пен Қаражал қаласындағы бір мектептің шатырын және жылу жүйесін жөндеуге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ Сәтбаев қалалық орталық ауруханасының қарызын өтеу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек, облыстағы үш ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету шараларына да қаржыландыру көзделген.
Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ облыстық мәслихат төрағасы
Мәслихат төрағасы, 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Қаражал қаласынан басқа барлық өңірде бюджет қаражатын игеру деңгейі төмен екенін айтты. Осыған байланысты ол игерілмеген қаражатты қайта бөлу және сегіз айдың қорытындысымен өзгерістер енгізу туралы ұсыныс білдірді. Бұл бастаманы облыс әкімі қолдады.
Сессия барысында облыстағы қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, Ұлытау облысының тексеру комиссиясы төрағасы мен мүшелерінің лауазымдық нұсқаулықтарына түзетулер енгізілді. 26-сессияда көтерілген барлық мәселелер жауапты органдардың бақылауына алынды.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ
«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРАНСЫ