ОБЛЫСТАҒЫ ДІНИ АХУАЛ
Ulytautv 18-июн, 13:34 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Бүгінде өңірде 8 конфессияны біріктіретін 47 діни бірлестік бар. Оның ішінде 30 мешіт, 2 православ шіркеуі, католиктік және протестанттық бағыттағы ұйымдар тіркелген. 2024 жылы конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында діни бірлестіктер клубы құрылып, оның аясында түрлі форматтағы тимбилдингтер, футбол жарыстары мен фестивальдер ұйымдастырылып келеді.
Ардақ МИЗАМЕДИН дін істері басқармасының бас маманы
Жастардың деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында өңірде түрлі форматтағы шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда облыстағы діни ахуал тұрақты болғанымен, діни киімге, әсіресе бетті тұтас жабатын киімдерге қатысты қоғамда түрлі көзқарас қалыптасқан. Бірі бұл – әркімнің жеке еркі десе, енді бірі қоғамдық орындарда бет-әлпетті ашық ұстау қажет деген пікірде.
Сауалнама нәтижесі жезқазғандықтардың діни тақырыптағы көзқарасы әртүрлі екенін көрсетті. Бірі – киім кию еркіндігіне басымдық берсе, енді бірі – діни сауатты мешіт ұстаздарынан алған жөн деп есептейді. Мамандардың айтуынша, елімізде кез келген дін өкілі заң талаптарына бағынып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауы тиіс. Бұл – 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңмен реттеледі. Аталған заңда діни іс-шаралар өткізу тәртібі, миссионерлік қызмет пен діни әдебиеттерді тарату ережелері нақты жазылған. Ал заң бұзылған жағдайда азаматтар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 493-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Ардақ МИЗАМЕДИН дін істері басқармасының бас маманы
Дін – рухани тәрбие мен ішкі мәдениеттің негізі. Алайда бұл салада білімсіздік пен үстірт көзқарас адамды теріс жолға жетелеуі мүмкін. Сондықтан, діни білім мен ақпаратты тексерілген, ресми орталықтардан алу қажет.Айта кетейік,соңғы жылдары елімізде бетін тұмшалау, никаб киюге тыйым салыну мәселесі өзектендіріліп отыр. Қазіргі уақытта сенатта қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салу ұсынылды. Мұндай түзету «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңына енгізілмек. Мұндай тыйым бұған дейін Франция, Бельгия, Дания мемлекеттерімен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінде енгізілген.
АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ
«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ