«КӨКМАЙСА» - ҰЛЫТАУДЫҢ БӨКТЕРІНДЕ
Ulytautv 23-июн, 18:28 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Көкмайсада көз тойып,көңіл толатын көрініс көп болды.Ақшаңқаң киіз үйлер тігіліп,ұлттық дәм мен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар қойылды. Шараға облыс әкімі Дастан Рыспеков арнайы қатысып,жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
Алғашында тек турист тарту жобасы ретінде басталған Көкмайса бүгінде кең ауқымды мерекеге айналды.2015 жылы бұл шара Қазақстанның материалдық емес,мәдени мұралар тізіміне енді.Идея авторы енді оның халықаралық деңгейге шығарына сенеді.
Шаралар легі Қымызмұрындық дәстүрін сахналаумен басталды. Таң ата Ұлытаудың етегінде бие байланып, желі тартылып, алғашқы қазық қағылды. Ал рәсімнен соң, қонақтарға арнайы дайындалған 500 литр қымыз тегін үлестірілді.
Фестиваль алаңындағы киіз үй маңы ұлттық өнердің нағыз көрмесіне айналды. Киіз басу,қамшы өру,кимешек тігу және көне жәдігерлер таныстырылды. Әр іс, әр қолөнер – қазақтың жаны мен болмысын паш еткендей.
Фестиваль алаңында спортық ойындар да ұйымдастырылды. Атап айтсақ қазақ күресі,жілік сындыру,желке тарту,садақ ату,найза лақтыру,мешкейлер жарысы өтті. Мұнда тек жергілікті спортшылар ғана емес,Қызылорда,Қарағанды,Қостанайдан да спортшылар келіп,күш сынасты.
Шара барысында елге танымал әншілер мен жергілікті өнер ұжымдары өнер көрсетті. Соңында ұлттық спорт байқауларының жеңімпаздарына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, БЕКЖАН МАРАТҰЛЫ
«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ