ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Бүгінде Ұлытау облысының Полиция департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінде 1000-нан аса қызметкер жұмыс істейді. Кәсіби мереке қарсаңында 14 қызметкер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, 140 қызметкер Полиция департаменті бастығының бұйрығымен марапатталды.  Шара барысында өңірімізде  қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан ішкі істер саласының 12 қызметкері бір минут үнсіздікпен еске алынды. Сондай-ақ, салтанатты жиында Ұлытау облысының әкімі сала мамандарын құттықтап, жүйелі жұмыстарының нәтижелерін ерекше атап өтті.


 

Дастан РЫСПЕКОВ Ұлытау облысының әкімі

 

Сіздер ел мүддесі жолында қызмет етіп жүрген елдің қорғанысыздар. Ерлік пен қайсар мінезді, кәсібилікті талап ететін жауапты қызметтесіздер.  Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында облысымызда қылмыс жасау азайды. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша аса ауыр қылмыстар саны 66 пайызға, ауыр қылмыстар 9 пайызға, оның ішінде кісі өлтіру 20 пайызға төмендеген.

 

Бұл күні облыс көлемінде қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қосқан үлестері үшін бірқатар полиция қызметкері-Ұлытау облысы әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының, облыс прокурорының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасы басшысының, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Экономикалық тергеу департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті басшылығының атынан марапатталды.


Салтанатты шара аясында мерзімінен бұрын арнаулы атақтар да берілді. Бір қызметкер – полиция полковнигі, екі қызметкер – подполковник, тағы екі қызметкер – полиция майоры шенін алды. Солардың бірі- Жансая Абдуллаева.  ҚР ІІМ Ақтөбе заң институтының 2014 жылғы түлегі. Полициядағы еңбек жолын 2014 жылы Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасындағы әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы ретінде бастаған. 2018 жылдан бері жасөспірімдер ісі жөніндегі топта учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келеді. Биылғы кәсіби мереке қарсаңында Жансая бір саты жоғары арнаулы атаққа ие болып, полиция капитанынан полиция майоры шеніне көтерілді.


 

Жансая АБДУЛЛАЕВА Жезқазған қалалық  ПБ кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы

 

Полиция күніне арналған  іс-шарада маған 15 жыл еңбек өтілімді елеп ескреіп басшы құрам майор шенін, атағын тапсырды. Басшы құрамға алғысым шексіз.  Өте ризамын.  Халыққа қызмет етуден аянбаймыз.  ҚР қызмет етеміз.

 

Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалмады. Бүгінде Ұлытау өңірінде полиция басқармалары мен бөлімдерін басқарған 33 ардагер бар. Солардың 16-сы осы салтанатты шараға арнайы шақырылып, құрметке бөленді.


 

АЛМА СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ

«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу