ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ – ЖЕЗҚАЗҒАНДА
Ulytautv 30-июн, 10:56 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Жұмыс сапары Жезқазған қаласындағы гидроцехтен басталды. Абзал Бейсенбекұлы мұнда шаруашылық-ауызсу тазарту құрылыстарының екінші және үшінші кезеңін қайта жаңғырту жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Аралаудан кейін қаржы вице-министрі өңір тұрғындарымен кездесті. Жиынға басқарма басшылары және қоғам белсенділері қатысты.
Жәнібек НӨПІРОВ Ұлытау облысы әкімінің орынбасары
Кездесу барысында Ұлытау облысының экономика басқармасының басшысы Нұрлан Абдукалимов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жан-жақты есеп берді. Ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес сынды салалардағы көрсеткіштерге тоқталып, инвестициялық жобалардың іске асу барысын баяндады. Сонымен қатар, алдағы даму жоспарлары мен өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы нақты қадамдар да атап өтілді.
Нұрлан АБДУКАЛИМОВ экономика басқармасының басшысы
Кездесуде ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы жергілікті бастамаларды қаржыландырудың жаңа бағыттарымен таныстырды. Ол жергілікті бастамалар мен жобаларға қаржы бөлудің тиімді әрі әділ жолдарын түсіндіріп, әрбір қаражаттың нақты нәтижеге бағытталуы керектігін айтты. Елімізде өңірлерді дамыту үшін республикалық бюджеттен 7,7 триллион теңге бөлінгенін сондай-ақ, бұл қаржы елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Абзал БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ ҚР қаржы вице-министрі
Сонымен қатар, қаржы саласына қатысты сұрақтар қойылды. Жиынға қатысушылар ауыз сумен 100 пайыз қамту, кәріз жүйесін жаңарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін көтерді. Вице-министр көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, қаржы министрлігі тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Оның айтуынша, халықтың ұсынысы нақты жобалар мен бастамаларға негіз болуы тиіс.
АЛМА СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ
«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ