ДИПЛОМ АЛУ КЕШІ

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Жезқазаған индустриалдық-гуманитарлық колледжі  білім, ғылым, өнер саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осы білім ұясының қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер қазір сан-салада жемісті еңбек етіп жүр. Ал, биылғы жылы колледжден 13 мамандық бойынша 298 студент  түлеп ұшты.  Студенттерді Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Берік Әбен бастаған бірқатар құрметті қонақтар құттықтап, түлектердің жаңа қадамына сәттілік тіледі.


 

Берік ӘБЕН Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары

 

Бүгін енді Ұлытау облысындағы ең үздік колледж атанып отыр ғой.  Осы колледждің түлектеріне ақ жол тілеймін. Мен де кезінде колледж бітіріп, осы колледждің дипломымен алғашқы жұмысқа тұрып,  өзімнің жұмыс жолымды бастаған болатынмын.  Бүгінде біздің түлектерге ақ жол тілегім келеді.  Мамандықтарыңыз өздеріңізге берекелі болып, жақсы жұмысқа орналасып, елге пайдалы, ата-аналарыңыздың үмітін ақтайтын азамат болыңыздар!

 

Сонымен қатар, 8 түрлі мамандық бойынша 165 студент жұмысшы біліктілігін иеленді. Бұл көрсеткіш колледжде теориялық біліммен қатар, практикалық дайындықтың да жоғары деңгейде жүргізілетінін айғақтайды. Яғни, түлектер оқу орнын бітіре сала еңбек нарығына дайын маман ретінде жолдама алуда. Айта кету керек, колледж студенттері тек білім алумен шектелмей, түрлі байқаулар мен олимпиадаларда да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Олар облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының абыройын асқақтатып келеді.


 

Гульмира ЖҰМАТОВА Ұлытау облысы білім басқармасының бөлім басшысы

 

Біздің колледж студенттері түрлі республикалық, халықаралық чемпионаттарда білімдері мен біліктіліктерін дәлелдеп келеді. Атап айтқанда «Бағдарламалық қамтамасыз ету»  мамандығының 4-курс студенті Тезекбай Жандос WorldSkills республикалық чемпионатында медальон иегері атанды. 2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тың серпін беріп, біздің колледжіміздің даму жолында маңызды орындар алып жатыр қазір.

 

Биыл колледждің 9 түлегі үздік дипломға ие болды. Солардың бірі - Еркеназ Алтау. Ол өзінің білімдегі, спорттағы және қоғамдық белсенділігімен өз дарынын жоғары деңгейде дәлелдеді. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын тәмәмдаған Еркеназ  республикалық техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы үздік 100 студенттің қатарынан көрінген болатын. Жетістіктерінің барлығы колледж ұстаздары мен ата-анасының қолдауы екенін ерекше атап өтті. 


 

Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі техникалық және кәсіптік білім беру саласында сапалы оқыту мен кәсіби  бағыт беруде үздік үлгі көрсетіп келеді. Биылғы түлектер – осы жүйелі еңбектің жемісі. Олар алған білімдері мен машықтарын ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, жаңа өмір жолында жарқын жетістіктерге жетеді деген сенім мол.


 

АЛМА СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ

«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу